Жоғарыда атап өткен Отырар медресесі жайында бірер дәлел келтіре кетуге болады. Отырар медресесі – Отырар қаласында болған ортағасырлық діни оқу орны. VIII- ғасырдың аяғында құрылып, монғол шапқыншылығына дейін жұмыс істеген. Медреседе жан-жақтан білім іздеп келген шәкірттер 10-жыл бойы тәрбиеленді. Білім алушы шәкірттерге түске дейін сабақ берілсе, түстен кейін медресе жұмысына атсалысқан (аула сыпыру, ас пісіру, бау-бақша суару, т.б.). Жұмыстары аяқталған соң шәкірттер сабақ барысында берілген тапсырмаларын орындаған. Отырар медресесінде алғашқы 5-жылда сол заманғы әлемдік үш тіл: түркі-қыпшақ, парсы, араб тілдері оқытылды. 5-жылдан кейін шәкірттерге діни сабақтармен қатар астрономия, геометрия, музыка, т.б. ілімдер бойынша жан-жақты білім берілген. Отырар медресесінде ғұлама ғалым Әбу Насыр әл-Фараби оқыған.
Әбу Насыр әл-Фараби
Әбу Насыр әл-Фараби (870-950 ж.ш)-әлемге әйгілі ойшыл, филосов, социолог, математик, физик, астроном, ботаник, лингвист, логика, музыка зерттеушісі. Ұлы ақын Абай Құнанбайұлы «Ғылымды іздеп, Дүниені көздеп, Екі жаққа үңілдім..,»-деп ескертуінде Фараби еңбектерімен сусындағаны белгілі. Әбу Насыр әл-Фараби мен Абай Құнанбайұлы шығармаларындағы пікір сабақтастығын, ақын шығармашылығы нәр алған рухани көздерінің түп-төркініне зер салатын болсақ, алдымен екі ұлы ойшылға ортақ «жан қуаты» немесе Абайдың өз сөзімен айтқанда «өзін танымақтық» жөніндегі көзқарасына айрықша назар аудара отырып, екі ойшылдың да тамаша филосов екендігін байқадым. Сонымен қатар, кітапты жазу барысында Ұлы тұлғалардың ұқсастықтарына да тоқтала кетуді жөн көрдім. Адамзат тарихында ғылыми ойдың үздіксіз даму барысында «өзін танымақтың» немесе «жан қуаты» туралы ойлардың қалыптасу жолдарын танып, білу күрделі мәселеге айналып, бастан-аяқ қарама-қарсы көзқарастардың өріс алуына түрткі болды. Адамның өзін танымақтық жөніндегі ілімнің алғашқы қадамы көне дүние философтарынан басталса да, оны өз заманында ғылыми жүйеге түсіріп, қалыптастырған дана бабамыз – Әбу Насыр әл-Фараби. Жалпы «жан қуаты» немесе «өзін танымақтық» жайлы күрделі ой сарасына қазақ топырағында арғы заманда Фараби, соңғы дәуірде Абай атамыз терең бойлап барған. Абай өлеңдері мен қарасөздеріндегі жан қуаты жайлы ой толғауында «жан құмары», «жанның жибили қуаты», «жан қуаты», «жанның азығы» т.б. осы іспеттес философиялық сарындағы ойларын таратқанда: «Жан қуаты деген қуат-бек көп нәрсе, бәрін мұнда жазарға уақыт сиғызбайды»-деп, айрықша ескертудің өзіндік себептері бар. Бұл тұжырымнан ақынның «өзін танымақтығы» жөніндегі ілімнің тарихымен толық таныстығы анық байқалып, өз тарапынан ойларын кең түрде тыңдаушыларына молынан жеткізе алмаған өкініші де сезіледі. Жан қуаты жөнінде Фараби қолданған философиялық терминдер Абайдың өлеңдері мен Жетінші, Он жетінші, Жиырма жетінші, Отыз сегізінші, Қырық үшінші қарасөздерінде сол түпнұсқадағы қалпына немес қазақы ұғымға сай балама сөздермен оқырманға жеткізе білген. Ақынның Он төртінші, Он жетінші қарасөзі мен «Әуелде бір суық мұз ақыл зерек…», «Көзінен басқа ойы жоқ…», «Малға достың мұңы жоқ малдан басқа…», «Алла деген сөз жеңіл…», «Жүрек –теңіз, қызықтың бәрі асыл тас …» өлеңдерінде арнайы сөз болып, талқыланатын ақыл, қайрат, жүрек, жайлы философиялық мағынадағы ойларының бастау алар көзі Фараби еңбектерінде жатыр. Фараби «Ізгі қала тұрғындарының көзқарастары туралы трактат» атты еңбегінде адамның өзін танымақтығы жөнінде айтылатын ойларын «өсімдік жаны», «хайуан жаны», «адам жаны» деп жүйелейді. Адам жанына (интеллект), оның ішкі және сыртқы сезім мүшелеріне талдау бергенде жүрекке үнемі шешуші мән беріп, ерекше даралай көрсетіп отырады. Фараби «Жүрек – басты мүше, мұны тәннің ешқандай басқа мүшесі билемейді. Бұдан кейін ми келеді. Бұл да басты мүше, бірақ, мұның үстемдігі бірінші емес» – деп, жүрекке шешуші мән бере қараса, Абай да: «Сен үшеуіңнің басыңды қоспақ менің ісім»– депті. «Бірақ, сонда билеуші жүрек болса жарайды»– деген тұжырымға келеді. Бұдан екі ұлы ойшылдың да жүрек жөніндегі танымдарының негізі бір екені, тек баяндау түрі басқаша берілгені көрінеді. Ақын Фараби ұйғарысындай жүрекке шешуші мән-мағына берумен қатар, оны ізгілік, рақым, шапағат атаулының шығар көзі, тұрар мекені деп біледі. Әл-Фараби сезім мен ойлау, тәрбие мен іс-әрекет жүйесін жетілдіру мәселесіне қайта айналып соғып отырған. Білімсіз адамгершілік молаймайды, білімсіз адам өзгенің абзал қасиеттерін тани алмайды. Жан-дүниені тәрбиелемей үлкен жетістікке жету жоқ. Ғылым мен тәрбие ұштасса ғана рухани салауаттылыққа жол ашылмақ. Мінез-құлқын түзей алмаған адамның ақиқат ғылымға қолы жетпейді деп ескертеді.Оның пікірінше, тұңғыш рет философиялық бағыттың алғаш негізін салушы – грек философы Пифагор, яғни пифагоршылар мектебі. Бұл жерде Фараби ежелгі Грекиядағы негізгі ғылыми философиялық мектептерге шолу жасап, өз пікірлерін ортаға салады. Философия, Әбу Насыр Әл-Фарабидің білуінше, адамда ғана болатын “ең ерекше” игілік – ақыл, парасат арқылы меңгеріледі. Ақыл, парасаттың қызметі қалай болса, солай бет-алды жүргізілмеуге тиіс, онда мақсаттылық сипат алады. Оның негізін логика өнері қарастыратын ойлаудың дұрыс әдістері құрады. Әбу Насыр Әл-Фарабидің атап көрсетуінше, адам өзінің бақытқа жету жолын логикадан бастаған жөн. Бір сөзбен айтқанда, Фараби адамдардың өз көздеген мақсатына жетуі оның өзіне ғана байланысты екенін айтады. Адам рухани жағынан үнемі өзін-өзі жетілдіріп отыруға тиіс, адам тек ақиқатты, айналадағы дүниені танып-білу арқылы жетіледі деп түйін жасайды. Әбу Насыр Әл-Фараби адам міндетті түрде адал ниетті болу керек деп есептейді. Өйткені, жақсы істер істеп, мұның төлеуін күтсе, адам бұл істерін жамандыққа айналдырады. Әбу Насыр Әл-Фараби өз заманындағы ғылымның барлық салаларынан, әсіресе, математика, астрономия, физика, жаратылыстану ғылымдарынан көп мұралар қалдырды. “Ғылымдар тізбегі” деген еңбегінде сол кездегі ғылымды үлкен-үлкен бес салаға бөледі: